МАТЕМАТИКА МҰҒАЛІМІНІҢ БІЛІМІ МЕН БІЛІКТІЛІГІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Сафуллин Елдос Набиоллиевич
БҚО ПҚБАИ ОӘЖ директордың орынбасары

Математика пәні мектепте 11 жыл бойы үздіксіз оқытылатын бірден-бір ерекше пән. Сәйкесінше баяндалатын білім мөлшері басқа пәндердің кез-келгеніне қарағанда ауқымды. Материал көлемі көп болғандықтан оны меңгеру ауыр. Ұзақ оқытылған білім мазмұны оқушыны жалықтырады. Түрлі сыныптарда жаңадан қосылған пәндерге бала зейіні тез ауып шыға келеді. Осыдан келіп, «мен математикадан нашармын, биологияға жақсымын» немесе «физикпін», «химикпін», «әдебиетшімін», т.б. деген қасаң пікірлер оқушылар миына қоршаған ортасындағы үлкендер арқылы біртіндеп сіңе бастайды. Шын мәнісінде қоғамда белгілі орны бар, талантты, дарынды қайраткерлер, ақындар мен жазушылар, іскер мамандардың басым бөлігі бала күнінде математиканы жақсы оқып, ой ұшқырлығын дәлелдеген тұлғалар болып келеді.

Мемлекетіміз білімді бағалаудың барынша объективті тәсілі – ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін 2004 жылдан бері енгізді. 2004-2007 жылдарда қазақ тілі (орыс тілі), Қазақстан тарихы, математика, таңдау пәні, барлығы 4 пән бойынша 30 тапсырмадан, тұтас алғанда 120 балл көлемінде білім көрсеткіштерін анықтады. Ал, 2008-2012 жылдарда мектеп түлектері 5 пәннен 25 тапсырмадан, тұтас алғанда 125 балл көлемінде білімдерін көрсету мүмкіндігін алды. Облысымыз бойынша түрлі жылдардағы білім көрсеткішін ҰБТ орта балы арқылы сараптауымызға болады.

Осы жылдарда ең кіші мән және ең үлкен мәннің айырмасы 2004 және 2011 жылдарға сәйкес: 86,4 - 54,2 = 32,2 баллға тең. Бес пәнге шаққанда әрқайсысы орташа 6 балға өскен. Тек математикадан орта балл мұндай қарқынмен өсе алмаған. Білім көрсеткіші барлық жылдарда математика пәнінен төмен болып келеді. Мысалы, өзіміздің БҚО бойынша мынадай мәліметтерді кесте түрінде көруге болады:

жыл

Түлектер саны

Қатысқандар саны

«2»-тер саны

Математикадан «2»-тер саны

2008

6399

5552

126

98

2009

5886

5102

71

57

2010

6088

4991

105

92

2011

6638

5381

93

70

2012

6093

4427

263

220

Қай жылда да пәндер арасында «2»-тер саны ең көбі – математикада байқалып отыр. Егер, оқушы 25 сұрақтың 4-не дұрыс жауап бере алса, оның бағасы «3»-ке жетер еді. Сонда 11 жыл үздіксіз мектеп қабырғасында математикадан білім алған оқушыда 25 балдан 0, 1, 2, 3 балл жинайтын ғана білім болғаны немесе білімсіздігі көпшілік педагогтерді ойлантуда.

Енді облысымыз бойынша математикадан түрлі жылдардағы орта балл көрсеткішін қарастырайық:

Гистограммада қай жылда да математиканың орта балы төмен екені айқын көрініп тұр. Тек 2011 жылы ғана 13,63 болып, барлық мүмкін 25 балдың жартысынан әзер дегенде асып түскен. Бағаға айналдырса, «3»-ке азар іліккен. Бағалаудың жалпы ұстанымында 50-70% білім көрсеткіші «3»-ке сәйкес келеді. Ал, ҰБТ-да оқушылардың аттестатында баға төмен болмас үшін болар, әзірге жұмсақтық танытып, 4 балл жинаса болғаны (16%) «3» бағасын алуға мүмкіндік берілген. Қалған пәндер туралы мәліметті математикамен қатар қойып салыстырып көрелік:

Салыстыруымыз біркелкі өлшемде болуы үшін 2008 жылдан бастағанымыз түсінікті болар деп есептеймін. Гистограммадан қай жылда да математика бағаны баршасынан төмен тұрғаны көрінеді.

«Ғылымдардың патшасы – математика» деп мақтанышпен айтқанымызбен барша пәндерден білім көрсеткішіміз бойынша төмен болып тұрғанымыз қалай? Бұл жағдайға түрлі себептер айтуға болады, бірақ мониторинг цифрлары жыл сайын өткір нысанаға алуын қоймайды. Мынадай басты қиыншылықтарды дегенмен санамалап айтуымыз қажет:

  • Мектептегі математиканың материалдар ауқымы көп. Ауқымды материалды игеру өте ауыр. Осыдан келіп көптеген басқа себептер туындайды. Мысалы, «сағат саны аз», «оқулық нашар», т.б. біржақты пікірлер осы басты мәселені ажырата алмағаннан кейін айтылады. Әйтпесе 11 жыл бойына математикаға бөлінетін сағаттар көлемі кез-келген басқа пәннен артық. Математика маманына әрдайым оқу жүктемесі жақсы бөлініп, жалақысын алады. Осының өзі мемлекеттік деңгейде математикаға жақсы көңіл бөлініп, басымдық бергенінің дәлелі. Алайда, сағат көп болса, материал көлемі одан да көп. Сондықтан математикадан оқу стандартын бекітушілер тарапынан: біздің әрекетіміз «көтере алмасаң, қосып арқала» деген ұстанымға айналмасын дегендей сақтық шаралары ойластырылуы қажет деп есептеймін.
  • Мектеп математикасында оқытылатын сандардың ішінде ең күрделісі – жай бөлшектер мен ондық бөлшектер тақырыбы 5-сыныпқа сәйкес келеді. 5-сынып бала өмірінде жаңа жағдайға бейімделу процесімен тұстас келеді. Жалпы бала зейінінің нашарлайтын кезеңі. Ал, бөлшек тақырыбы аналитикалық ойлауды талап ететін салмақты салаға жатады. Осы тақырыпты нашар меңгерген оқушы бұрынғы ілесе алмай келе жатқаны өз алдында, мүлде тұралап, математика сабағын уақытты бос өткізу құралына айналдырады. 6-сыныпта оң және теріс сандар тақырыбы бар. Осы тақырып шын мәнінде аса жеңіл тақырып. Өкінішке орай, мектеп бітірушілерді тексергенімізде басым жағдайда екі санды қосу, алу, көбейту, бөлу амалдарын сан таңбаларынан қателесу салдарынан шығара алмайтыны байқалды.
  • «Алдағы уақытта ҰБТ форматы өзгермекші» деген пікір халық арасында жыл сайын таралады. Оқу жылының басынан өзгерісті елеңдеп күтумен жүргенде 1, 2-тоқсандар өте шығады. Мемлекет қандай шараны да жан-жақты ойластырып барып әрекет ететіндіктен білім саласындағы қызметкерлер жуық арада түбегейлі бетбұрыс болмайтындығы туралы қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн деп есептеймін.

Түптеп келгенде сұраныс математика пәні мұғаліміне келіп тіреледі. Оның білімі мен біліктілігіне ауыр сын туады.

Математика мұғалімінің білімі туралы не айтуға болады? Олар түгелге жуық жоғары білімді. Мектеп қабырғасында өзі оқушы кезінде математиканы жақсы оқыған, яғни ақыл-ойы, дамуы өзгелерден озық қабілет иесі. Жоғары оқу орнында 4 немесе 5 жыл бойы қиыншылығы едәуір жоғары «математика» мамандығын тамамдайды. Өз өмірінде математиканы игеру үшін осындай зор еңбек, қажырлылық танытқан мамандардың көпшілігі өкінішке орай педагогикалық қызметінде сол еңбегінің жемісін көре алмайды, немесе еңбегін көрсете алмайды деуге де болады. Әрине, бұған себеп математиканы оқытуға байланысты қоғамда қордаланған мәселелер болып табылады. Бұл мәселерді шешуге түрлі деңгейдегі білім саласындағы мемлекеттік органдар атсалысуда.

Математика мұғалімінің біліктілігі туралы не айтуға болады? Бұл өте қиын сұрақ. Білімділігін қолындағы дипломмен анықтасақ, біліктілігін 2 апталық біліктілік курсынан өткен сертификатымен анықтай салуға болмайды. Білік – адамның белгілі бір құбылыс не күрделі мәселе жөнінде ой жүгіртіп, өзінше пайымдай білу қасиеті. Мұғалім біліктілігінің басты көрсеткіші оқушыны ойдағыдай оқыта алуы болып табылады. Үздік инновациялық бағыттағы мектептерде математика пәнінің білім көрсеткіштері басқа пәндермен қарайлас болады. Себебі, гимназия, лицейлерде мұғалімі күшті болумен қатар, оқушылары да іріктелген, күшті болып келеді. Оқушысы қабілетті ортада мұғалімінің біліктілігі емес, білімділігі белсенді рөл атқарады. Мұнда күрделі мәселе аз. Оқушы сыныптың қалған оқушыларына ілесе алмаған жағдайда, қарапайым орта мектепке ауыстырылады. Орнына өз бетімен дайындалған келесі үміткерді емтихан арқылы қабылдайды. Ал, оқушы деңгейі нашар болғанда не істейміз? Бұл өте күрделі құбылыс. Көпшілік математика мұғалімдері «бұларды оқыту мүмкін емес» - деп қолын бір сілтейді. Осынысы арқылы өзінің өмірлік таңдауы – математика пәнінің мұғалімі мамандығын алуына қарама-қайшы келеді. Оған мемлекет диплом бергенде алдыңда «білімді оқушылар ғана отырады» - деп кепілдік берген жоқ. Керісінше, білімсіз ортаны білімділерге айналдырсын, мемлекетке қызмет етсін деген тапсырманы қоса жүктеді. Қабілеті өзгелерден артық бір оқушыны ерекшелеп алып «мынау менің оқушым» деп жар салу – педагогикалық біліктіліктің аздығының көрсеткіші.

Мұндай олқылықтар болмауы үшін әр педагог өзінің білімі мен біліктілігін арттыруға ұмтылуы тиіс. Білімді арттыру жолдары қазіргі күнде мол деп айтуымызға болады. Кітап, интернет, тест жинақтары құралдарымен жиі-жиі шұғылданып, есептерді молынан орындауды әдетке айналдырса, білім жетілдіру мәселесі ойдағыдай оң шешімін табады. Ал, біліктілікті арттыру үшін алға қойылған мәселе – нашар оқушыларды мүмкіндігінше математикадан сауаттылар қатарына қосу шарасын шешуге тырысу қажет. Нашар оқушыны физиологиялық тұрғыдан білімді қабылдау қабілеті ашылатын, мүмкіндігі молаятын уақытын тап басып, қайта даярлау қажет. Бала жанын анық түсіну үшін мұғалім тәжірибесінде дербес бір оқушымен жұмыстану практикасы қалыптасуы қажет. Әйтпесе, сыныппен топтық жұмыстанудан көп  жылғы еңбек өтілін ғана алға тарту біржақты болып шығуы мүмкін. Сабақтың 45 минутында мұғалім өзінікін айтады, оқушы өз пікірінде қалады, өзара түсінісуге мүмкіндік аз болады. Дербес білім беруші мұғалімнің  еңбегі сәйкесінше бағалануы тиіс. Қазіргі күнде қоғамда оларды репетитор деп атайды. Соңғы жылдарда естіліп жүрген термин. Бұған қарап жуық арада ғана пайда болған ұғым екен деуге болмайды. Педагогика тарихында алғашқыда топтық оқыту емес, жекелеп оқыту  мәселесі жолға қойылған. 1911-1913 жылдарда Орал қаласында басылған «Қазақстан» газетінде берілген жарнамалар ішінде: «Опытный учитель с  долголетней практикой репетирует и готовит детей в первый, подготовительные классы Реального училища, гимназии, во все классы городского училища, на звания учителя, учительницы начальных училищ и уездного муллы. Адрес: Сызранская улица, дом Трофимова» - деген мәтінде жарияланғандары бар екен. Сонда қазіргіден 100 жыл бұрынғылар арасында репетиторлықты кәсіп ететіндер осылайша жарнама беріп, кәсіптерін жолға қойып отырған. Сондықтан бүгінгі күннің мұғалімдері мектептегі қызметіне қосымша жылына кем дегенде 1-2 нашар деңгейдегі оқушыны репетиторлыққа қабылдаса, өзінің педагогикалық тәжірибесі жан-жақты дамуына мүмкіндік алар еді. Әрине, дәл осы жағдайға арналған дайын есептер жинағы бізде қалыптаспаған. Оқулықтар мен жаттығулар түгелге жуық үздік оқитын үйренушілерге арналған. Қазіргі күнде облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтында математика пәнінің оқытылуын жақсарту, ҰБТ кезінде «2»-тер санын барынша азайту мәселелерін шешу мақсатында тың курстар оқытылу жоспарлануда. Бұл курстарда мұғалімдер маңызды тақырыптарды қайта оқып, оқушыларға тапсырмалар дайындаумен шұғылданатын болады. Курс нәтижесі тапсырмалар сериясы ретінде жинақталып, іріктеліп, кітапша түрінде облыс педагогтеріне көмекші құрал ретінде ұсынылатын болады.  Осылайша математиканы оқыту барысында кездесетін қиыншылықтардың салмағын жеңілдету үшін өз тарапымыздан үлес қосу мәселесіне жұмыстанатын боламыз.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Олег Черкасов, Андрей Якушев «Математика: интенсивный курс подготовки к экамену» - 8-е изд., испр. – М.:Айрис-пресс, 2003 – 432 с. – ил. (Домашний репетитор).
  2. Сафуллин Е.Н. «Тригонометрия курсының әліппесі» Орал, 2012, -100 б.
  3. Сафуллин Ж.Н. «Қазақстан» /Құраст. Орал, 2012 – 400 б.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту