E-LEARNING ЖӘНЕ SMART-LEARNING ҮДЕРІСТЕРІН ОҚЫТУҒА ЕНГІЗУ

Сафуллин Е.Н.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»

Біздің еліміз әлем бойынша ең жаңа деген оқу формаларын зерттеп, үнемі білім саламызда жаңартуларын сәтті жасап келеді.  Егер кімде-кім қазіргі Қазақстандағы білім саласындағы кемшіліктерді санамалап, түгендер болса, дәл сондай кемшіліктер әлемдегі озық деген елдерде де молынан табылады.

«E-learning – интернет пен мультимедиа көмегімен оқу» болып табылады. Ағылшын тілінен аудармасы «электронды оқыту». Электронды оқытудың түпкі нәтижесі – «ақпараттық қоғамды» қалыптастыру. Кез-келген қажетті білімді қоғамның кез-келген мүшесіне әлемнің кез-келген нүктесінде, кез-келген уақытта алуына мүмкіндік жасалған болса, ондай қоғамды «ақпараттық қоғам» деп атауға болады.
Біздің елімізде ақпараттық қоғам толық қалыптасқан жоқ. Бірақ технология даму үстінде. SMART технологиясы ұғымы соңғы жылдарда пайда болды. Сәйкесінше, E-learning орнына SMART-learning келуі, ақпараттық қоғам орнына «smart қоғам» қалыптасуы біздің елімізде де күтілуде. Smart технологиясын өндірушілер қазіргі күнде АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея елдері. 
E-learning және SMART-learning үдерістерін еліміздің мектептеріне енгізу жолдарында мынадай мәселелерді қарастыруды ұсынамын.

1. Смартфонға арналған мектеп оқулықтарын жазу.

Оқулық жазу үдерісін мынадай 3 кезеңге бөліп қарастыруымыз қажет:

  1. Қазіргі күндегі қолданыстағы оқулықтарды түгелімен смартфондар үшін қолданбаға айналдыру. Мысалы, Абайдың Қара сөздері тәрізді, тек, масштабтау мүмкіндігі қарастырылса. Осы арқылы барша білім саласы қызметкерлері, ата-аналар смартфондағы оқулықтың қандай дүние екенін танып білуі қажет. (олардың таңғалатыны, қолдайтыны күмәнсіз деп санаймын). Сонымен қатар, болашақта білім беру жүйеміз түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық болғандықтан, бүгінге дейінгі мол тәжірибені, білім мөлщерін, оқулық үлгілерін жаңа форматта да сақтап, болашаққа жеткізіп кету шарт.
  2. Қазіргі күндегі бағдарламалар бойынша барлық сыныптардағы, барлық сабақтардың видеолекциялары жасалуы керек. Видеолекцияда тапсырмаларды қамту маңызды емес, себебі, оқулықтарда тапсырмалар бар. 45 минуттық сабақтан 15 минуттық видеодәріс түсірілуі қажет, мұнда мұғалімнің жаңа сабақты түсіндіруі, мысалдарды шығарып көрсетуі, тапсырманы оқулықтан атап айтуы қамтылғаны жөн. (Оңтүстік Корея, Сеул кибер университеті профессоры осылайша 15 минуттық сабақ түсіру практикасынан өтуімізге мүмкіндік жасады, олар видеолекция 15 минут шамасында болуы қажет деді)
  3. Smart-learning кезеңіне көшу жағдайындағы жаңа форматтағы оқулықтарды дайындауға кірісу. Ол үшін, оқулықтың мазмұнын, білім мөлшерін, стандартын нақты анықтап алуымыз қажет. Әйтпесе, осы күнге дейінгі оқулықтарымызды құрушылар «көтере алмасаң қосып арқала» ұстанымымен келгені жасырын емес. Біздің елімізде кеңестік кезеңнен бері қанша оқу жүйесіндегі реформалар, модернизациялар, жаңа бағдарламалар іске қосылды? Солардың қай-қайсысы да басты мақсаттарына жақындаған болар, бірақ міндеттерін толық орындады деуге болмайды. Қай кезеңде де жақсы және нашар оқитын оқушылар болды. Өкінішке орай, нашар оқитындардың үлесі көбірек. Қазіргі күндегі оқушылардың қабілет-қарымы бұрынғы буын оқушыларынан көп деңгейде төмендеп кетті. Оны ескерместен оқулық стандартын бекітушілер баяндалатын білім мөлшерін тереңдете берумен шұғылданды. Теория жүзінде терең білім керек, бірақ іс жүзінде баршаға бірдей терең білім беру мүмкін емес жағдайға жеттік. Қорыта айтқанда, бұрынғы білім мөлшерін қысқарту қажет. Мысалы, математикада 50-60%-ға азайтуымызға тура келеді. Оқушылар аз білсін, есесіне сол аз білімді өте тыңғылықты білсін. Жеке өз басым математикадан оқушыны ҰБТ-ға дайындаудан 10 жылдай тәжірибем бар. Мектеп бітіруші түлектердің 85%-і: -5-7, -4+9, -7+3 тәрізді екі санды қосу тақырыбынан қате жіберетінін анық байқадым. Осындай тақырыптан қате жіберген оқушы сызықтық теңдеу, теңсіздік тақырыбынан бастап бірде-бір есепті өз бетімен шеше алмайтындығы түсінікті.
  4. Смарт технологиялармен оқитын мектептегі оқушылар үшін санитарлық-гигиеналық нормаларды бекітумен шұғылданатын ғалымдар, практиктер тобын құру. Гигиеналық талаптарды сақтамаған жағдайда, оқушы кітапқа үңілсе де, мониторға үңілсе де көздерінің көру қабілетіне нұқсан келеді. Қазіргі күнде көру қабілеті төмен оқушылар, студенттер, ересек адамдар тым көбейіп кетті. Көруі нашар деген сөз, ол адам мүгедек дегенді білдіреді. Мүгедек адамның оқуы, қызмет етуі қалай болғанда дені сау адамға қарағанда анағұрлым төмен болып келеді. Тек көздің көруі емес, жалпы организмнің сау, жақсы дамуы басты назарда болуы қажет.
  5. Оқулықтардың ана тілімізде, яғни қазақ тілінде даярлануына басымдық беру.

Латын қарпіне көшсек, компьютер, смарт технология арқылы оқуымыз көп жеңілдейтіні анық. Бірақ, көшпеген күннің өзінде компаниялардан оқытуға смарт техникаларды аларда, қазақ қарпінің болуын (принципті түрде) қадағалау қажет. Мысалы, смартфондарды өндіруші флагмандар: Самсунг галаксиі пен Аппл айфондарын қарастырсақ, соңғысында қазақша шрифт жоқ.

2. Смарт оқытуға арналған мүлде жаңа форматтағы оқулықтарды, дәлірек атасақ, текст, сурет, видео, анимация, т.б. қазіргі күнде біз білмейтін мүмкіндіктерді қамтитын смарт техникаларға сүйенетін кітаптарды жасайтын педагогтардың «жедел тобы» қызметін жандандыру қажет. Бұл жұмысты жоғарыдағы 3 кезең мәселелері шешімін тауып, қоғамда қолдауын алған мезеттен бастауға немесе қазірден де параллель бастауға болатын болар.

Біз оқу үдерісіне қай елдің өнімдерін пайдаланамыз? Менің ойымша, Оңтүстік Кореяның смартфондары мен смарт теледидарларын пайдаланғанымыз жөн. Себебі, басқа бәсекелестеріне қарағанда оның өнімдерінің сапасы жоғары, бағасы арзан, қазақша шрифт кіріктірілген.
Мектепке оқушылар салмағы ауыр сөмкелер тасып жүруге мәжбүр. Қазіргі технологияның қарыштап дамыған күнінде бұл мәселенің шешілетін орны бар. Оқулықтар кітап күйінен жай ғана электронды формаға емес, смартфондағы қолданба (приложения) формасына көшуі керек. Мысалы, Samsung GalaxY S 3 9300 смартфонына Play market қызметі арқылы «Абайдың қара сөздері» қолданбасын орнатып, оқып көрген кісі, смартфондағы оқулықтың артықшылықтарын тез байқайды.
Біздің елімізде қандай өзгерісті те енгізсе, алдымен бала бақшадан бастау керек деген ұстанымға басымдық береді. Сөйтіп ол өзгерісіміз нақты өмірде нәтижесін бергенінше едәуір уақыт өтіп, негізгі игіліктер қайдан бастау алғанын қоғам ұмытып та үлгереді. E-learning – ке қатысты алғанда, оны енгізу барысында білім саласы ұйымдары жақсы еңбектенуде. Ақпаратты жинау, ата-анаға, сабақ кестесіне, баланың мектептегі өткізетін уақытын қадағалау, мұғалімнің жүктемесін есептеу жағдайлары сайт жасаушылар тарапынан шешілуге таяу. Бірақ ол сайт іске қосылған мезеттен мектеп мұғалімдеріне, педагогтерге ауыр міндет артылатыны анық. Қысқа мерзімде ауыр жүктемелерді орындаған адамда жоба туралы көзқарасы оң бағытта болуы екіталай.  Жобаны іске асыратын, қозғаушы субъектілеріміз бұл жобаны шын ниетімен, сенімімен орындамаса, істің нәтижесі формальді сипат алып, қоғамға пайдасы төмендеуі де ықтимал. Сондықтан да осы жобаның ішінде қоғамымыз нәтижесін қысқа мерзімде көре алатындай салаларды жандандыру қажет. Мысалы, Оңтүстүк Корея тұрғындары ата-анасы баласының мектепте алатын біліміне қанағаттанбай, репетитор жалдайды. Және репетиторларға көп мөлшерде ақша төлейді. (дәріс берген профессорлардың айтуынша жанұя табысының жалпы кірісінен 60% шығындалады). Осындай жағдай біздің мемлекетте де қалыптасып келеді. Мектептеріміздің формальді қағаздары түгенделгенімен, нақты оқу үдерістеріне көңіл бөлу қиындау мәселе. Сәйкесінше, лицей, гимназияларға, ЖОО оқуға қабылдану үшін оқушы өз бетімен білімін жетілдіретіндері сирек, көбінесе репетитор жалдайды. Көп жылдар қалыптасқан білім саламызды біртіндеп барып өзгерткен тиімді. Электронды оқытудың технологияларын, АКТ мүмкіндіктерін Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, әсіресе математика пәндерінен репетитор қызметіне пайдалансақ қолайлы болады деп есептеймін. Сонда білім жүйеміз толығымен өзгеруден бұрын, халық жаңа жүйенің тиімді тұстарын саналы сезіне бастайды. Ол үшін ең озық репетиторлық тәжірибесі бар пән мұғалімдерінің сабақтарын жақсы жарақталған видеостудияда түсіріп, өңдеп, электронды оқытудың сайтына орналастыру қажет.
Біздің қазіргі электронды оқытуда қолға алған шараларымыздың басым бөлігі ақпаратты жинау, түгендеуге арналған. Білімімізді көтеруге қатысты тұстары әзірге іске қосылмады деуімізге болады. Білімді көтеруге арналған механизм – бейнедәріс, жаңа форматтағы оқулық, сарапталған тест тапсырмалары, контент жұмысы жанданғанда ісіміз оңға басады деуімізге болады. Және де бұл бағыттағы жұмыстарды төменгі сыныптарға емес, жоғарғы сыныптардан бастасақ екі мәселеден ұтамыз:  1) физиологиялық жағынан ересек балалар АКТ құралдарымен, интернетпен, компьютермен жұмыстануға бейім, денсаулығына да нұқсан келтірмеуіне мүмкіндігі мол;
2) білім сапасына жаңа жобаның нақты көмегі қысқа мерзімде көріне алады. (оқуға түсуі, олимпиада, конкурстарда орын алуы)

Бұл жобада «Өрлеу» БАҰО педагог қызметкерлері қандай қызмет атқара алады?
Жоғарыдағы барша кезеңдерге филиалдық құрылымдары арқылы республика педагогтерін жұмылдыруға, әрекеттерін бағыттауға, қолдауға болады. Білім беру мекемелерінің көпшілігі осыған дейін көп жағдайда формальді есеп беру жұмыстарынан бас көтере алмағаны жасырын емес. Нақты тапсырмалармен шығармашыл жұмыс жасай алатындай жағдай барша филиалдарда орнығуы қажет.
Әдебиет тізімі
[1] Ахметова Г.К., Қараев Ж.А., Мұханбетжанова С.Т. Электрондық оқытуды енгізу жағдайында педагогтердің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру әдістемесі. Алматы: АҚ «БАҰО «Өрлеу», 2012. 418 б. 
[2] Сафуллин Е.Н. Тригонометрия курсының әліппесі: Әдістемелік құрал.  Орал: «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ» баспа қызметі және қоғаммен байланыс бөлімінің баспа орталығы, 2013.150 б.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту