20 ЖЫЛДЫҚ КЕЗДЕСУ

Қазіргі цифрлық технология дамыған жағдайда адамдар тобы арасында виртуальді байланыс орнату аса жеңіл. Осының арқасы болар, жер-жерде 25 мамыр соңғы қоңырау салтанатына орай мектеп түлектері арасында 10, 15, 20, 25, 30, 40, 50 жылдық кездесулердің дүбірлері «жер жаруда». Осылардың ішінде 17 жасында мектеп бітірген, қазіргі күнде
37 жасқа толып, 3-мүшелден шыққан түлектердің 20 жылдық кездесулері ерекше өтуде. Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасына қанаттанып, күшті ынтамен кіріскендері болар, жалпы азамат ретінде толысып дер шағына келгендерінің белгісі болар, дала қызықтарын өткізу, көкпар тартыс ұйымдастыру, мешіт тұрғызу, үй салып беру тәрізді ірі істерімен көзге түскендері де баршылық.

Енді өмірде біреулер табысты болса, көпшілігі қарапайым тіршілік кешетіні белгілі. Кей адамға кездесу мейрам емес, қалтасына салмақ түсер жүктеме, отбасына кикілжің тудырар мәселе екені де жасырын емес. Себебі, көп адам пенделікпен бәсекеге бой алдырады. Кездесу жасаса, мол қаржымен шалқытып, елді таңғалдырып, айнала сыйлық үлестіріп өткізу керек, олай жасай алмаса ол кездесудің қажеті де жоқ деп қате ойлайтындар да бар. Дегенмен, мектебіне, ауылына шынайы сүйіспеншілігі қалыптасқан, тәрбие көрген адамдар, қаржысы аз болса да, мазмұнды етіп кездесулерін өткізулеріне болатыны анық. Мысалы, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында 20 жылдық кездесу мектеп, әкімшілік, мешіт, салтанатқа жиылған барша тұрғындарға шағын сыйлықтарын жиынтық көлемі
90 мың теңге, ауызашарды 87 мың  теңге көлемінде жасап, аз шығынмен де туған жеріне ілтипат білдірудің үлгісін көрсетіп, кездесулерін мерейлі мерекеге айналдыра білді. Осыған орай ұйымдастырушының жиында жасаған баяндамасын ұсынамыз.

2018 жыл 25 мамыр күні
20 жылдық кездесудегі елдос Сафуллиннің сөзі

Құрметті Егіндікөлдік ауылдастар, негізгі бөлігі 1981 жылы осы ауылда дүниеге келген, 1987 жылы 1-сыныпқа барған, 1998 жылы осы мектептен 11-сыныпты бітірген балаларың алдарыңа келді! «Сыныптастар 1981» деп аталатын ватцап группамыз «Күлтөбеге» айналып, құрдастарды түгендегенде «А» және «Б» сыныбында оқыған жалпы 52 оқушыны санадық. Бастауышта «А» сыныбын Ахатова Света, «Б» сыныбын Кереева Бақытылы апайлар оқытты.  5-сыныптан «А» сыныбына Карманова Шынар, «Б» сыныбына Мағзомова Ақжамал апайлар жетекшілік жасады. 9-сыныпта математикадан тереңдетілген сыныпқа бөлу мақсатымен оқушылар қайта бөлініп, «А» сыныбына Жайгалиева Гаухар,
«Б» сыныбына Айтқалиева Айжамал жетекшілік жасады. 11а сыныбына жетекшілік еткен, бүгінде өмірден өткен Серғазиев Бақыт ағайдың да тәрбиесін көрдік.

Атқарылған шаралар

20 жылдығымыздың аясында бірнеше шараларды атқардық:

1) 2018 жылдың 28 сәуірінде мектеп мұғалімдеріне «Педагогтің кәсіби өсуі» тақырыбында қысқамерзімді 8 сағаттық оқыту семинары тегін өткізілді және 26 мұғалім сертификатталды.

2) 30 сәуір күні мектеп ауласына 52 түп пирамидалық терек шыбығын отырғыздық. Өмірден озған құрдастарымыз Бижанов Әділбек пен Күзенбаев Мирастың жатқан жерлеріне 2 түптен пирамидалық терек шыбығын отырғыздық. Пирамидалық теректерді аптасына 1 рет кезектесіп суаруға Айна, Айкүміс деген құрдастарымыз белгіленді.

3) Мектеп ұжымының ұсынысымен 13 мамыр күні мектеп ауласына отырғызуға 8 түрлі сорттан, 12 түрлі түстен 120 түп гүлдің көшетін алып бердік. Сонымен қатар, 11 900 теңгеге мектепке 40 метр пластик труба, 2 кран, қосқыш, шланга, пистолет тәрізді суару жабдықтарын алып бердік.

Біздің 20 жылдығымыздың мазмұнды өтуіне көмегін аямаған мектеп ұжымына және мектеп директоры Мұханова Ақмарал Ораққызына рахмет айтамыз!

Аз да болса, ауылға, мектебімізге деген ықыласымыздың белгісіндей осы сыйлықтарымызды қабыл алыңыздар, ағайын!

Ауыл жанашырлары

Туған жерге сағыныш барша адамда болады. Туған жеріне қызмет ету мен қалтқысыз құрмет көрсетудің үлгісін бізге нұсқайтын ауылдастарымыз баршылық.

1) Жазушы Құрманғазы Қараманұлы мектепте от жағушы, еден жуушы қызметін атқарған анасы Орыншаның атына 2002-2014 жылдар аралығында оқушыларға стипендия тағайындады. Жылына 40 оқушы 1000 теңгеден алғанда 13 жылда 520 мың теңге ауыл балаларына жұмсалғаны қандай ғанибет!

2) Бала жасынан Құрманғазы Қараманұлын үлгі тұтқан Мәлік Шәлменов 6 жыл қатарынан жылына 120 мың теңге оқушыларға стипендиясын беруде.

3) Егіндікөл мектебінің табысты болуына, оқушыларының сапалы білім алуына, ауылдың мәртебесі биіктеуіне зор еңбек сіңірген Құрманғалиева Махуза Айсағалиқызы!

4) Әкесі осы мектепте математика пәнінен сабақ берген, анасы осы ауылда дәрігер болған Тәжіғалиев Жарқын Серікқалиұлының меценаттық еңбегі ерекше. Ауыл жастарын қамқорлап жұмыс беруі, футбол алаңы мен аспан асты сахнасын салып беруі, шынжыр табанды ДТ тракторын алып беруі тәрізді ауылға көрсеткен қызметтері аса мол.

5) Ауылға арнап көптеген мазмұнды, сырлы өлеңдер мен прозалық туындаларын ұсынған, республикалық басылымдарда қызмет еткен, ауыл мақтанышы журналист, аудармашы Гүлзира Серғазиева! Егіндікөл әнінің сөзі мен әнін жазып ауылға өлшеусіз еңбек сіңірді.

6) Ауылдың әсем көріністерінен сапалы фото, видео эпизодтар дайындаған, Сарматтар мекенін сипаттаудан басталатын «Дешті Қыпшақ даласы» видеоролигін дайындаған, Егіндікөл әніне клип дайындаған, ең бастысы республика көлемінде тұңғыш рет ауылға сайт ашқан Сафуллин Жантас Набиоллаұлы!

Аталған тұлғалар жекелей де, бірлесіп те игілікті істерді атқаруда. Мысалы, клуб жанында орналасқан орталық алаңға Жантас қарағай, қайың, үйеңкі, терек тәрізді талдар әкелсе, оны ауыл әкімшілігі отырғызып, клуб қызметкерлері күтіп-баптап, Жарқын сәнді етіп қоршап берді. Гүлзира Егіндікөл әнінің сөзі мен әнін жазса, Жантас кәсіби әнші
Еркін Өтегеновке орындатып, сапалы ауыл көріністерімен байланыстыра мазмұнды клип дайындады.

7) Жуырда республикамыздың Батыс облыстарының батагөй қариялары байқауында бас жүлдені еншілеген ауыл ақсақалы Сердалин Ертай ағамыз ауыл, аудан асып облысымыздың мерейін тасытты! Күні кеше көрші ауылда Қоскөлдің 60 жылдығы тойының бас дастарханында жиылған қонақтардың алдында тілегін, ұсынысын, ескертуін, батасын бір минутқа сыйғызып сөз өнерін шебер меңгергендігіне куә болдық (жиында сөз алған өзге қариялардың тым ұзақ сөйлеп қонақтарды жалықтырғаны жасырын емес).

8) Ауылдың сәнін арттырып көкесі Нұрлан ағайға замануи үй салып берген, көл жақтан орталыққа қатынайтын жолды бор төсеп жөндеп берген Жұманов Айбол Болатұлының еңбегіне еріксіз тәнті боласың!

9) Өз қаражатына мешіт тұрғызған Әміреев Жамбыл молда ауылымызға ерен еңбек сіңірді. Көптеген ауылдар әлі күнге бір мешіт тұрғыза алмай отыр. Біздің ауылда Аллаға шүкір, молда Жамбылдың ересен еңбегімен 20 жылдан асты: Азан дауысы үзілген емес.

82-лерге эстафета жолдау

Бір жасқа ғана айырмашылығымыз бар, үзеңгілесіп тең өскен, қымбатты Егіндікөлдік 82-лер! Біз 20 жылдығымызды ұйымдастыру барысында аздап кемшіліктер жібердік. Ақша жинауды екі кезеңге бөліп, кездесуге келе алатындар мен келе алмайтындардың бәріне ортақ белгілі сома, мысалы
10 мың теңгеден Жаңа Жылға дейін жинаған жөн екен. Келесі кезең ауылда бас қосасыз ба, қалада мейрамханада бас қосасыз ба, оған басқа белгіленген соманы жинаса үйлеседі-ау деген ойға келдік. Біздің ватцаптағы батырларымыз желтоқсан айында қыз болсын, ұл болсын, жеке келсін, жолдасымен келсін, бәрі 30 мыңнан тапсыруы керек деген шешім шығарған еді. 52 оқушыдан 6 оқушы ғана 30 мың тапсырды, қалғандары 10, 15, 20 мыңнан
9 оқушы тапсырды. Сонымен бұл істің сөз жүзінде оңай болғанымен, іс жүзінде қиыншылығы бар болды. Дегенмен, арамызда бір қыз бала (есімін атамауды сұрады)
18 мамыр күні қомақты қаражат аударып, ауылда Рамазан айына орай Ауызашар өткізуімізді сұрады. Осыған орай біздің және Сегізсай ауылының ораза ұстаған тұрғындарын молда Жамбыл ағайдың мешіті жанындағы ауыл әкімі Абат ағай орнатқан киіз үйге Ауызашарға шақырамыз!

Әрине, қаржы көп мәселенің шешімін табатыны рас, дегенмен шын ниет танытып, ауыл жанашыры болуға ұмтылған адам нәтижелі іс тындырары анық. Біз Сіздерді арнайы шақырып, атқарған істерімізбен таныстырдық. Алдағы Сіздердің 20 жылдықтарыңыз бізден де мағыналы, нәтижелі болсын деп тілек білдіреміз! Осы мәдени жалғастықты қалыптастырып келесі жылы 83-терді өздеріңізге тартуды насихаттаймыз. Әрі қарай, Алла қосса 84, 85 болып ұйымдасарда және жалпы бәрімізге белгі болсын деп осынау куб формасындағы символикалық кубогімізді табыстаймыз!

Бүгінгі 81-лердің 20 жылдығынан естелік болсын деп баршаңызға қалам сыйлаймыз!